Хаттар

277 1 2
                                    

«Жаным Ербол!
Менің сені шексіз сүйетінімді білесің. Өзім де сен дегенде шығарда жаным ғана басқа шығар деуші едім. – Бұрынғы хаттарының бәрінде Сәлима алдымен менің амандығымды сұраушы еді. Содан соң есен-сау бола беруіме, жауды тез жеңіп қайтуыма тілектестік білдіретін. Ит қуған адамның айқайындай ғып, бірден бұлай бастағаны несі екен деп ойладым бұл хат ең алғаш қолыма тигенде. Содан соң оны ары қарай оқыдым.
– Осы кеше ғана ауылға каникулге барып қайттым. Бүркітбай бригадир сенің папаңның орнына колхозға председатель болған еді ғой. Жақында соның бұрынғы бала көтермеген кәрі әйелі қайтыс болыпты. Ауылға мен барған күннің ертеңінде біздікіне сол кісі келді. Маған амандасты. Сабағымның жайын, оқуды қашан бітіретінімді сұрап, біраз отырып кетіп қалды. Басқа ештеңе деген жоқ. Бірақ, кешке шешем маған «сен сол Бүркітбайға тұрмысқа шығасың, егер мені шешем дейтін болсаң сөйтесің» деп қиғылықты салды. «Ол менің әкемдей кісі ғой. Қалай шығамын?» дедім мен. «Түгі де жоқ, ерлі-байлы болған соң оның үлкендігі де ұмытылып кетеді» деді шешем. Мен көнбедім. Шешем қарысып отырып алды.
«Әкең трудармияда, сен оқудасың. Мына екі бала мен мені кім асырап, сақтайды? Ал Бүркітбайға шықсаң, өзіңнің де тыныш, ит өлген жерге оқу іздеп сандалмайсың. Менің де ұйқым тыныш –бір жағынан әкеңді, бір жағынан сені ойлап, түн ұйқымды төрт бөліп дөңбекшімеймін. Бүркітбай екеуің бүкіл ауылды билеп, бірің бастық, бірің мұғалім боласыңдар да отырасыңдар. Осы заманда осыдан артықтың керегі не?» деп құлағымның етін қудай жеді.
Мен сені айттым.
«Ерболды қайтесің, екеуіміздің қосылатынымызды ел біледі дедім. – Ол күнде хатты Алматыдағы маған да, ауылдағы да жазады. Осы үйдің өз адамы болып жолдайды» дедім.
Шешем шап ете түсті.
Ербол, Ербол дейсің? Ол тірі келе ме, өлі бола ма? Оны қайдан білдің. Қайта, Ерболдың сені жақсы көргені рас болса, бағыңды байламасын. Егер үйге өзі аман келсе, елден Ерболға лайық қыз табылады. Сәниям жетіп және келеді. Ертең оған да күйеу керек. Тіпті Ерболға соны беремін. Оған апасын алды не, сіңлісін алды не – бәрібір емес пе? Екеуі де менен туған. Ал дәп саған ертеңгі Ерболдан бүгінгі Бүркітбай артық. Осыдан Бүркітбайға бармадың ғой, ақ сүтімді аспанға сауамын, теріс батамды беремін. Аналық қарызымды екі дүниеде де кешпеймін!» деді.
Не істерімді білмедім. Ақыры, жазғы каникулге келгенде көрейік дедім. Оған дейін өзіңмен ақылдасып алғым келді. «Бүркітбай менімен бұрыннан сөйлесіп жүрген. Қыста келгенде сені үйіме кіргізіп бер, оқуға жіберме деген. Сенін сонау жазыңды күтіп, қу тізесін құшақтап отыра бере ме ол. Осындағы бойжетіп отырған қыздардың бірін алады да қояды, сені дәт дегізіп. Ана Жексеннің қызы Қатипа жоқ нәрсені сылтауратып, күнде баратын көрінеді канторға. Бүркітбайды қалай қолыма түсіремін деп жүрсе керек. Әне, сол сияқты біреу есігіме өзі келіп тұрған бақ-дәулет, бай күйеуді қағады да кетеді», - деп шешем тепсіне тақымдап болмады.
– Ендеше Бүркітбай сол Қатипаны алсын, – дедім мен.
– Бүркітбай оны ұнатпайды, - деді шешем. - Осы төңіректе оның ұнататыны сен ғана болып отырсың. Құдайдың мұнысына мың шүкіршілік, ат аяғы жетер жердегі жалғыз еркек қызының аяғынан құшақтай жатса, одан артық бақыт бар ма шешеге! Бірақ есіңде болсын, еркектің көңілі құбылмалы болады. Мысықты кім арқасынан сипаса, ол соған сүйкеніп, пырылдай алдынан түспей қоймай ма? Еркек те сол сияқты. Қай әйел бетіне күле қарап, қылмыңдай бастаса, еркек те соған қарай бейімделе береді. Сен шалқая берсең ол ерегесіп Жексеннің қызын алады да қояды. Сөйтіп саған арналған жылы суға Қатипа қолын малады да отырады. Жұртқа таба боп мен қаламын, елге күлкі боп сен жүресің.
– Неге табалайды жұрт? – деймін мен.
– Неге табаламайды, – дейді шешем. – Бүркітбайдың көңілі сенде екенін бүкіл осы ауыл түгел біледі. Кеше анау шеттегі саңырау кемпір Сақып та: «Бүбіш, Сәлиманы Бүркітбайға қашан қосқалы жатырсың? Ұмытып кетпей мені де тойыңа шақыр. Сәлиманың тұсауын өзім кескенмін» деп кетті. Білмесе ол не? Ел құлағы елу деген емес пе – бәрі де біледі. Білсін, осы қиыншылықта мына Бүбіштен басқа кімнің қызын күйеу, күйеу болғанда жарты патша – басқарманың өзі алып жатыр.
Мен ыза боп кеттім. «Тойыңның да, Бүркітбайыңның да керегі жоқ» деп жылап жатып алдым.
Шешем бұртиып, біраз қасымда отырды. Содан кейін даусын жұмсартып басымды сипады. Біраздан кейін мені құшақтап, өзі де жылап алды. Көзін сүртіп, бір кезде қайта сөз бастады.
– Егер соғыстан Ербол келмей қалса, сорлайтын сен боласың, балам, – деді жыламсырап отырып. - Одан да бүгіннен бастап, Бүркітбайға шығып ал, қалқам. Айналайын, ақылың бар ғой сенің. Мына дауылды заманда үйге тіреу болатын еркек керек. Оқуды қайтесің, оқудың түбіне кім жетеді? Ербол, Ербол! – дейсің. Ерболың да жасынан оқу құмар бала болатын. Соғыстан бұрын тауыса алмай кеткен оқуын соғыстан кейін бітіремін деп әуре болмасына кім кепіл оның. Алдымен соғыстың бітуін күтіп, одан соң Ерболдың оқуды тауысуын тосып, өз бағынды өзің байлап отырасың ба, күнім-ау. Қыз баланың бақыты – байға тиіп, бала құшақтау. Жалғыз сен емес, Хауа анадан бері келе жатқан жоралғы осы, ботам.
Осылай деп шешем дауыс айтып отырып алды. Бір жағынан сені аяп, бір жағынан шешемді, он беске кеп қалған сіңлім Сәния мен он жасар інім Әскержанды аяп, екі оттың ортасында қалғандай, дал болдым. «Апатай, бұл әңгімені жазға қалдыр» деп тан атқанша жылап, жатып алдым.
Бүркітбаймен ақылдасты ма, әлде өзі жібіді ме білмеймін, ертесінде кешке шешем осыған көнді. Жазғы каникулға шыққанымда мені Бүркітбайға қосатын болды. (Ал өзім Бүркітбайды алғаш келіп, амандасып кеткеннен кейін көргенім жоқ).
Мінеки, сөйтіп, ауылдан мен кеше ғана келдім. Келе сала саған хат жазып, мұнымды шағып отырмын. Не істейін, Ербол? Не қылайын? Жаным, қуатым, ақылды едің ғой, бір амалын тапшы.
«Сақал-мұртың қуарып, бойға біткен тамырдың бәрі бірдей суалып, алайын деп тұрмысың мені көріп қуанып» деп қарт Қожаққа Ақжүніс айтқандай, Бүркітбай шалға қалай барамын, сенсіз қалай өмір сүремін? Бармасам, шешем күн көрсетпейді, үй ішінің халі түскен. Өзің барда күзде үй басына арба-арба еңбеккүнге тиген астық қыс бойы ол қап-қап болып тошалада тіреліп тұрушы еді. Өткен күзде біздің үйге бір жарым қап бидай әрең тиіпті. Үйелмелі үш жан күніне үш мезгіл дастарқанға бір уыс бидай шашып, тауықтай теріп жеп, талшық ететін көрінеді. Бір біздің үй ғана емес, бар ауылдың күйі осы. Жақ жүндері үрпиіп, бозарған бала-шағаның түрін көргенде, ішің удай ашиды. Міне, елдің жайы осы, Ербол!
Студенттік жағдай да жетісіп тұрған жоқ. Күніне карточкамен алатын бір жапырақ нан мен қатықсыз қара көже. Жатақхана да суық. Осы хатты көрпеге оранып отырып, қайта-қайта үрлеп өз деміммен жылытып, әрең жазып отырмын. Бірақ, маған сенің әр хатың бес күндік азық, әр сөзің бір күндік қызу. Қаншама жүдеп-жадап жүрсем де, сенен хат келгенде жайнап, жадырап кетемін. Бұл шын сөзім, шын, қуаттым.
Сүйіктім Ербол!
Менің бар жайым осы. Ендігі хабарды өзіңнен күтемін. Шешімін де, кесімін де өзін айт. Мен сенің айтқаныңды ғана орындаймын. Күт десең – күтемін, шалға бар – тұрмысқа шық десең – шығамын. Талай махаббаттың қанатын қырыққан соғысты бастаған қаскөй жауға лағынет айтып шығамын. Бүркітбайдың босағасында басыма қызыл желек бүркелсе, саған деген ақжүрегім қара жамылып жататын болады кеудемде.
Жоқ, бұлай болуы жөн емес, Ербол. Жазға дейін соғыс бітуі керек. Сендер Гитлер сұмның көзін жоясыңдар. Сонда Бүркітбай айдалада қалады. Екеуіміз қосыламыз – махаббаттың мерейі үстем болады. Махаббат зұлымдықты жеңеді. Сендер алыста жаумен жұлқысып жатырсыңдар. Менің жүрегімде махаббат пен шарасыздық шарпысып жатыр. Махаббат жеңісінің туы сендердің қолдарында, Ербол. Сендер жауды құртсаңдар, майданда сендер көтерген жеңіс туы мұнда жығылып жатқан мыңдаған махаббаттың жалауын жалтылдатады. Айналайын, қуатым, жауды тезірек жеңіңдер. Сөйтіп, өзіңді де, мені де құтқар мына азаптан.
Қасымдағы қыздар жатып қалды. Мен стол шамын жаныма жақындатып алып, саған осы хатты жазып отырмын, жылап отырмын. Мына бір сиясы жайылып кеткен сөз – менің көз жасым тамған жер.
Жаман айтпай, жақсы жоқ деген, Ербол. Жазда, жазатайым, Бүркітбайдың жайған торына түсіп қалсам, сен мені кеш. Өзіңді уыз махаббатыммен шексіз сүйгенім үшін кеш. Соғыста талай темірдің қамырша иленіп, талай шойынның шыныдай үгітіліп жатқанын сан рет жазып едің ғой маған. Ендеше адам жаны темірден төзімді ме, шойыннан берік пе? Майданда сом болаттарды күйреткен соғыс елде де талай серттерді сындырып, уәделерді уатып жатыр. Әрине, оның да тауқыметі жауынгерлердің иығына түседі. Олай дейтінім, осы жолы ауылдан келгенде, күйеулері соғыста жүрген кейбір жас әйелдердің сөз байласқан жігіттері майданға кеткен қыздардың күйеуге шығып алғандарын көрдім. Жоғарғы ауылдағы өзіңнің Ағайша жеңген завферма боп жүрген Жолболды деген шұбар шалға тиіп алыпты. Алматыға қайтар алдында, мектептің жанындағы ләпкеде кездесіп:
– Неге өйттіңіз? - деп сұрадым Ағайшадан.
– Күйеуімнен соғыс басталғалы хат жоқ. Мен сонсоң шықтым. Ал Еркеш қайнымнан (жеңгелеріңнің сені солай деп атайтыны есінде шығар) күн сайын хат алып отырған сен де Бүркітбай бастыққа барғалы жатыр дейді ғой, – деп, ол өзімді кекетті.
Төменгі ауылдағы «бес жорға» атанған бес бойжеткеннің бірі Қазиза еді ғой. Сол отыз жыл отасқан әйелін тастатып, бригадир шалға шығып алыпты.
Бұл менің бір ауылдан, өзіміздің колхоздан ғана көргенім. Ондайлар басқа ауылдарда да бар шығар. Осының бәрі тұрақсыздықтан емес, көпшілігі шарасыздықтан кетіп жатыр, Ербол. Мұның бәрін сенің алдында ақталу үшін жазып отырғаным жоқ, жаным. Ертең жауды жеңіп, аман қайтқан жігіттердің бәрі өздерін тоспай кетіп қалған жарлары мен ғашықтарына қарғыс дауылын боратып, лағынет боранын ұйтқыта келеді әлі. Сонда, ең жоқ легенде бір жігіт - менің ақылды досым, бар жағдайды байыппен ойлап, пайымдай білетін Ерболым олай етпесін. Ол пайдасыз ашу мен ызадан биік болсын. Қыз сорлылардың шалға телініп, жат босағаны жастанғанымен, өздерінің сол жігіттерге деген сүйіспеншіліктерін жүректерінің түкпіріне түйіп, өмір бойы жадында сақтап қалғанын білсін. Қанша бармын, бақыттымын десе де, сол алғаш сүйген жігіттерінің төбесін көргенде шексіз қуанатындарын, оңашада соларды ойлап, өксіп алатындарын түсінсін. Сөйтіп, қыздарға кешірім етсін, жалғыз өз атынан емес, барлық жігіттер атынан кешірім етсін деп жазып отырмын мұны.
Жоқ, Ербол! Сен мұны мен Бүркітбайға баруға бел байлаған соң айтып отыр екен деп ойлама. Жоқ, атама. Бұл жүрегімді жайып, бар сырымды ақтарғаным саған бәрін жасырмай жазғаным. Осылай ақтарыла сөйлеуге мені өзің үйретіп едің ғой, жаным. Сол талабыңды орындағаным.
Miне, ағарып таң да атты. Терезеден ақбас Алатаудың бір шыңы көрінді. Осы шыңдай берік, осы шыңдай тұрақты болам деуші едім өмірде. Оны алдағы күндер, алдағы жағдайлар көрсетеді.
Міне, қалқам, мен болдым. Сенін амандығыңды тілеймін. Осы жазда жауды құртуларыңды күтемін. Сенің маған ақыл қосатын хатыңды тосамын. Басынды көкірегіме басып, қысып, сүйдім сені. Окобыңда, аязда тоңып отырған жеріңде ерніммен аймалап, айқара құшақтадым, жаным.
Сенің Сәлимаң.
1944 жыл, 20 февраль.
Алматы, КазГУ».
Мен хатты оқып болып, Меңтай екеуміздің ортамызға қойдым. Қыз қолын хатқа созбады. Маған оның жүрегі толқып, отырғандай көрінді. Бірақ онысын сездірмеді.
Бұл Сәлиманың сізге жазған хаты ғой, – деді арамыздағы біраз үнсіздіктен кейін Меңтай.
– Иә. Қыздың көмейіне оның ар жағы не болды деген сұрақ та келген болар. Бірақ ол енді ләм демеді. Басталған әңгіме аяқсыз қалмайтынын біліп, әліптің артын бағып, үнсіз отыра берді.
– Енді ар жағын айтайын ба? – дедім қызға қарап.
Меңтай басын изеді.
Бір хатты оқып шыққаннан кейінгі менің жайым еркек қауымының бәріне де түсінікті ғой. Көзге көрінбейтін әлде бір алып қол мені желкемнен қапсыра ұстап алып, біресе ашқазанда бұрқ-сарқ қайнап жатқан ыстық суға малып, одан соң сақылдаған сары аязда мұз ойыққа батырып алғандай болдым. Сол күшті қол мені осы бір ыстық, бір суыққа кезек сүңгітіп суырғанға ұқсады. Біресе денем от боп күйіп, артынша мұздап қоя береді. Өне бойым қалш-қалш етіп бүрісіп, Бальзактың былғарысындай кішірейіп бір жапырақ боп бара жатқан сияқтанамын.
Қойшы, не керек, сонымен ол кезде күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылдым. Сәлимаға не деймін, не деп жауап беремін деп қиналдым. Оны ойлағанда қолымдағы мылтығымның сусып қалай жерге түсіп кеткенін де аңғармай қаламын. Бүркітбайға бар деуге Сәлиманы қимаймын, Сәлимадан айырылып қалсам, енді ешқашанда маған ондай жақсы қыз кездеспейтіндей көрінеді. Ешкімге барма, өзімді тос дейін десем, өлермін деп ешқашанда ойламағаныммен, анық тірі қаларыма, осы күнгідей он екі мүшем сау аман келеріме және көзім жетпейді. Өлі болам ба, тірі қалам ба – онда шаруаң болмасын, тек мені тос деп эгоистік жасауға тағы да арым бармайды.
Сәлима хатында жазға дейін жауды жеңіп кел, сонда өзіміз қосыламыз дейді. Менің сөйтіп оған жеткім-ақ келеді. Бірақ бүкіл неміс армиясын жазға дейін жалғыз жайпап тастау менің қолымнан келе ме? Егер бәрі менің қолымда болса, онда жазға дейін емес, бір айда-ақ, тіпті бір тәулікте, тіпті сол күні-ақ жауды құртып, бар ғашықты бақытты етіп, елге қайтқан болар едім. Қайтейін, қанша бұлқынса да бір солдаттың қолында не бар.
Өстіп дәл-сал болып жүргенімде елден тағы бір хат алдым. Оны ауылдан Сәлиманың шешесі жолдапты. Әрине, Бүбіш апайдың өзі хат білмейтін. Бұл апайдың кіші қызы Сәнияның да жазуы емес. Қолтаңбасы маған өте таныстау. Басқа біреуге жаздырыпты. Хатының мазмұны мынадай.
«Қымбатты Ербол балам!
Дүние тыныштық болса, сені шын балам болар деп ойлаушы едім. Сұм соғыс килікті де, бәрінді көгендеген қозыдай алысқа алып кетті. Сәлимам сені сарғайып көп күтті. Оның енді отыруының орны жоқ. Ерге шығуы керек. Шырағым, мен шешемін ғой. Ең жоқ дегенде бір қызымды қолымнан ұзатып, қызығын көрейін. Егер сенің оны шын жақсы көретінін рас болса, бағын байламай, рұқсатымды бер. Оған, кінә қойма, өз күнін көрсін, обалдарың сұм Китлерге болсын.
Ал, қарағым Ербол! Осыны сенен аналық тілек етемін. Жасыңнан ана сыйлаған жалғыз едің ғой. Айтқанымды орындасаң - батамды беремін. Құдайдан сенің аман-есен келуіңді тілеймін. Аман келсең, өзіңе лайық қыз табылады елден.
Анаң Бүбіш».
Бұл хат жанымды және күйдірді. Күйдірген кемпірдің сөзі ғана емес (бірақ шеше байғұста не кінә бар), сол хаттың жазуы да еді. Әріптері қиқы-жиқы бұл шимай Бүркітбай бригадирдің жазуы. Мен жыл сайын, оқу біткеннен кейін, жаз бойы оның табілшісі болатынмын. Сондықтан да маған Бүркітбайдың қай әріпті қалай жазатыны, тәбілдің аяғына қолды қалай қоятыны, бес саусағымдай белгілі еді. Төрт бұрышты конверттен алынған хат бетіне тізілген сол бір қиқы-жиқы әріптер енді маған омартадан құжынай ұшқан сары-ала шыбын – сансыз араларға айналып, өзімді жабыла талағалы келе жатқан сияқты боп көрінді.
Сонымен, біресе жапандағы жалғыз жолаушыны қамаған аш қасқырдай анталап, алдан да, бүйірден де снаряд миналар жарылып, біресе ордалы жыландай жан тітірете ысқырып, сумаңдап, оқ қаумалап, біресе үстіне төнін келген аюдың тісіндей сақылдаған жау танкі ыстық ұяң окопты таптап, сол өміріне күніне қырық рет қауіп төндірген қырық төртінші соғыс жылының сұрапыл қысы да өтіп бара жатты. Бұл уақыт ішінде мен Сәлимаға арнап сан рет хат жазып, сан рет жырттым. Ақыры, көктемнің алғашқы күндерінің бірінде мен оған мынадай жауап жібердім:
«СӘЛИМА!
Менің өмірімнің қауіпте екені рас. Осы күнге дейін өзім өлермін деп еш ойламасам да, соғыс біткенше өлі боламын ба, тірі боламын ба, ал тірі қалсам – мүгедек боламын ба, әлде жай жарақатты боп қайтамын ба, білмеймін. Бар білетінім: осы соңғы үш айдың ішінде ғана бірнеше жан жолдастарымнан айырылдым.
Мен сені шексіз сүйетінімді өзің білесің. Сүйгендігім үшін өз жүрегімді өзім тұншықтырып, құрбан етуге ұйғардым. Сен мені күтпе, қалаған адамыңа тұрмысқа шық. Өлсем – есіңде сақта. Бір балаңа менің атымды қой – мен соған да ризамын.
Қош.
ЕРБОЛ.
1944 жыл, 15 апрель.
Майдандағы армия».
Осылай дедім. Өйтпегенде қайтейін. Ол менің некелеп алған жарым емес қой. Біздің екі-үш рет сүйісіп, тілден бал сорысқаннан басқа арамызда ештеңе болған жоқ. Елде, Сәлиманың өзі айтқандар аз ба? Қайта Сәлиманың менен рұқсат сұрағанына рахмет. Бүркітбайға сұрамай-ақ шығып кетсе мен не істейтін едім. Шешесі айтқандай, өзім шын сүйген Сәлиманың бағын байламайын.
«Тос мені, тос!» деп хатқа жазуға немесе әндетіп айтуға ғана оңай шығар. Тосушы ол үшін талай тозақтан, талай тұзақтан өтетін болар. Сол көп тозақтың бірі - шеше қаһары. Үй ішіне, сөз салушыға жек көрінішті болып, сені күткен жардың еңбегі сен аман барып, ақталса, жақсы. Ал олай болмаса ше? Өлген өкіне білмейді. Күйініш тіріні күйдіреді. Өзің олай-пұлай боп кетсең оны және отқа салудың қажеті не? Қыз байғұс сені сүйгеніне кінәлі ме?..
Осылай ойладым. Сондықтан «өзің біл, ойлан» деп, Сәлиманың басын қатырмадым. «Мені күтпе» деп, пышақ кескендей ғып, бірден айттым.
Хатымды бүктедім де, тез почташыға бердім. Өйтпесем, тағы да жыртып тастайтынымды сездім. Почташы оны дивизия штабына апарып тастады. Одан басқа да үшкіл хаттармен бірге, армия почтасына жөнелтілді. Сөйтіп, менің хатым елге, Алматыға қарай бет қойды.
Хат осылай жылжып кетіп бара жатқанда маған тағы да мынадай ой келді. «Осыным дұрыс болды, – дедім өзімді-өзім жұбатып. – Бұлай ету біріншіден, менің адамгершілік парызым. Екіншіден, Сәлимаға қойған сыным. Ол мені шын сүйсе, оның үстіне уәдесіне берік, табанды болса – мені тосады. Ал шын сүймесе, сүйсе де табансыз тайғанақ болса – мені күтпейді».
Ақыры ол мені күтпеді. Хатымды алғаннан кейін, 1-май мерекесінде ауылға барады да, қайтадан КазГУ-ге қайтпайды. Бүркітбаймен қосылып, біржола қалып қояды.
–Ақыры ол мені күтпеді, - деп жоғарыдағы сөзімді қайталап айттым. – Бірақ күтпегеніне қыз кінәлі емес, «күтпе» деген өзім кінәлідей сезіндім соғыс біткеннен кейін. Жұрт айтып жатқан «Тос мені, тосты» неге айтпадым деп өкіндім. Өкінгенмен не пайда? Мен бұл сұрапыл соғыстан тірі қалатынымды, тірі қалғанда он екі мүшем сау болып елге осылай аман келетінімді біліппін бе?
Мен әңгімемді бітіріп, үстел үстінде жатқан Сәлиманың хатын алып, бүктедім де, қайтадан шинелімнің қалтасына апарып салдым. Сол арада қолыма қойын дәптерім ілінді де, оның ішіндегі бағана бөлек қағазға жазып алған өлең ойыма түсіп, жүрегім кеудемді тепкілеп қоя берді. «Мұны қалай етсем екен?» деп ойладым.
– Апырай, бұл кісі Пенелопа болмады ғой, - деді Меңтай осы кезде бірақ үн қатып.
– Мен де Одиссейге ұқсамай жатырмын-ау, – дедім қызға қарай бұрылып. – Сәлиманың қолына Одиссейдің садағындай садақ тастап кетпеген соң, әрине, солай болады.
– Дегенмен өзі ақылды, сөзге де, ойға да ұста, шешен қыз екен.
– Ақын болсам деп арман етуші еді.
– Ә, бәсе.
Меңтай Сәлиманы осыдан артық талқыға салмады. Ал бір-ақ ауыз сөзбен баға берді.
– Адамгершілік, ізгілік шарттарын бұзу өмірде көп кездескенімен, махаббаттан бас тарту сирек болады деуші еді. Бірақ бәрі жағдайға байланысты ғой.
Осылай деп, өзіне тән ұстамдылықпен, ақырын ғана басын шайқады да қойды.
– Ағай, сіз отыра тұрыңызшы, - деді ол содан соң орнынан көтеріліп. – Мен мына көрші қыздардың плиткасы босады ма екен, біліп келейін.
Маған да керегі осы еді. Меңтай шығысымен орнымнан атып тұрып, шинелімнің қалтасындағы бағанағы өлеңді алдым да, қай жерге тастап кетсем екен деп, жан-жағыма қарадым. Осы кезде Меңтайдың қайтып келе жатқан тықыры естілді де, мен буыным қалтырап, қолым дірілдеп, үстел үстінде жатқан «Одиссея» кітабының ішіне тыға салдым.
– Плиткалары бос емес екен, - деді Меңтай дағдарып. – Мен тағы да бір шай қайната қойсам ба деп едім.
– Жоқ, Меңтай, рахмет. Мен кетейін, кеш боп қалды ғой, – деп жалма-жан киіміме қарай ұмтылдым. Енді кішкене бөгелсем, Меңтай «Одиссея» арасындағы қағазды көріп қойып, масқарам шығатын сияқтанды.
– Ағай, келгеніңізге көп рахмет, – деді Меңтай. – Ертең жексенбі ғой, уақытыңыз болса тағы да келіңіз. Келесіз бе?
Мен тілім байланып қалғандай, басымды изедім.
Жатақханадан шықсам көшелер қараңғыланып қалған екен. Жаңағы қағазды жылтыңдатып кітаптың арасына неге салып кеттім деп жатып өкіндім былай шыққан соң. Ол бағана мені туған ағамдай көремін деген жоқ па еді. Сөйтіп, «бауырыңмын, қарындасыңмын» деп отырған қызға ғашықтық өлеңін тастап кеткенім қай иттігім? Ертең Меңтайды қалай көремін, оның бетіне қалай қараймын?
Өстіп, өзіммен өзім ұрысып, қараңғы көшеде бүкеңдеп келе жатқан мен оқ-дәрі қоймасына есебін тауып сағат, минуты жеткенде жарылатын мина тастап, сол жарылыстан жан ұшыра қашып, аулақтап бара жатқан жау жағының жансызындай сезіндім өзімді сол сәтте.
Махаббат пен сана бірін бірі тыңдамайтынын, әрқайсысы тек өз дегенім ғана болсын дейтінін мен бірінші рет осы кеште ұққандай болдым.

Махаббат қызық мол жылдар Место, где живут истории. Откройте их для себя