XVI

100 1 0
                                    


– Сол үш күн бойына сізді ойыма алумен болдым, – Меңтай күрсініп, қайтадан сөзін жалғап. – Тұмажанды тасырлап, одыраңдай театрға жетіп келгенінен-ақ ішім жаратпап еді. Оны сол ұнатпағаным ұнатпаған болды.
Меңтай булығып, қыстығып сөйледі. Әлденеге ішқұса болған адамның қалпымен ішіндегі ешкімге жария етілмес жасырын деген сырын ақтарды.
– Ол мені ерік алдыма қоймай, жүргенімізде Майрадан бөліп оңаша үйге алып кетті, – деді Меңтай орамалымен көз жасын тағы бір сүртіп алып. – Майра анау жуас жігіттен құтылып кетіп, шарқ ұрып, мені іздепті. Бір қаланың ішінен бір адамды табу бір мая шөп ішінен жоғалған инені іздеумен пара-пар ғой, таба алмапты. Үш күннен кейін ана пәледен құтылып үйге келсем, менен айырылдым деп жылап-сықтап Майра жатыр екен. Келгенімді көріп, жаны қалмай қуанды ол байғұс. Келгенімді қайтейін, кеше ғана қыз боп аттап жүрген табалдырығымнан енді басқа боп аттаған соң. Жұрттың бәрі маған Тұмажанның не істегенін біліп отырған сияқты болды. Маған бәрінен де сол батты. Бөлмедегі қыздардың бетіне қарай алмадым. Тұмажан ойыма түскенде сол сұммен қалай бірге жаттым деп, өз денемнен, өзім жиіркендім. Тұмажанның дегеніне көніп, оны ұнатпай тұра осалдық жасағаныма өкіндім. Ішім удай ашыды. Оған неге көнгенімді, жетегіне неге ергенімді өзім де білмеймін, сенсеңіз. Содан соң сізді есіме алып, және жылай бердім егіліп. Осы бір жылдың ішінде сізге сондай бауыр басып кеткенімді сол үш күнде бір-ақ білдім. Сыртқа сездірмесем де, маған сіздің адалдығыңыз, әділдігіңіз, ақ көңілділігіңіз ұнайтын. Жаныңыздың жұмсақ, жүрегіңіздің мейірбандығын жаратушы едім. Көпшіл көңіліңіз, адамға деген қамқорлығыңыз жанымды тебіренте тербейтін. Ата-анадан, сүйген қыздан, сүйікті достан айырылып қалған күйініш қасіретіңіз, олар жайында адал көңілмен бәрімізге айтып ақтаратын мұңды әңгімелеріңіз жүрегімді елжіретуші еді. Сіздің маған деген оттай ыстық махаббатыңыз ерітіп, есімді алатын. Бірақ бұрын біреумен уәделесіп қойғаннан кейін сізге сырымды бермей, ұқпаған, елемеген, естімеген боп жүре беретінмін. Еріп, елжіреп тұрсам да шегедей қатты, шегендей берік боп көрінуге тырысатынмын.
Меңтай аузынан бұл сөздерді естігенде мен өне бойым қалтырап, не болғанымды білмей кеттім. Қатты тістеніп, қайта-қайта басымды шайқай бердім.
– Оны мен білдім бе, Меңтай-ау, – дедім онымен қоса жыларман болып, дауысым дірілдеп. – Өзің уәдем бар, сол кісіге сөзімді беріп қойдым деген соң... Оның үстіне ағайымның өсиеті еді дедің...
– Ой, ағай-ай, сіз қызық екенсіз ғой. Қай қыз жігітке айтқаның бола қойсын дейді. Көңілі бар қыздың «болмайды» дегені, «болады» дегені екенін білмейтін бе едіңіз? Сонда сіз анау Тұмажанға ұқсап, бауырыңызға қысып, босатпай қойсаңыз, онда мен сіздікі едім ғой.
– Ендеше... әлі де... кеш емес қой, – дедім сөзім үзік-үзік шығып, Меңтайдың Тұмажанмен қосылып қойғаны көңілімді күпті етіп, ішімді ашытса да, оны елемеуге тырысып. – Әлі де өтінемін, Меңтай, мендік бол.
Меңтай басын шайқады.
– «Кіммен қарайсаң, сонымен ағар» деген мақал бар қазақта, – деді ол. – Мен енді не болса да Тұмажанмен боламын. Өйткені сонымен қарайып қалдым. Уыздай ақ күнімде қасыңызда, еркіңізде, құзырыңызда едім. Үндемей жүріп, ішпен ғана сізді тіледім. Енді бәрі бітті, маған өкпелемеңіз, ағай...
Осыны айтып, орамалымен бетін басып, Меңтай тағы да жылады. Мен не істерімді білмей, оның ақ білегінен ұстап, қоса қиналып, қолының басын қайта-қайта сипай бердім. Төбедегі шамның жарығы орындықта отырған ақ жүзді, ақ мойын, ақ жүректі ару Меңтайдың сол сәттегі мұңды пішінін, ұлы суретшінің майлы бояумен жасаған картинасындай етіп, менің жүрегіме, мәңгі сақталып қалу үшін, сансыз сәуле, нұрмен өрнектер салып жатқан сияқты еді.
Меңтай орнынан тұруға ыңғайланып, ең соңғы сөзін айтты.
– Еркек өзін сүймеген қызбен жау боп, жамандасып кетеді деп білуші едім. Ең жоқ дегенде ол қызға теріс айналып, өш алу үшін басқан ізін аңдып, кекеп-мұқап жүретін болар деп ойлайтынмын. Солай екені де рас. Сіз өйтпедіңіз, қасыма келіп, хал-жайымды сұрадыңыз. Мен сіздің бұныңызға да шексіз ризамын. Рақмет, ағай.
Меңтай орнынан тұрып, кібіртіктей басып, өз жатақханасының (бұл кезде ол Калинин көшесіндегі корпуста тұратын) есігіне қарай аяңдады. Менің қабырғам сөгіліп, іші-бауырым езіліп бара жатқан сияқтанды. «Әйел жанын ұғу оңай емес деген осы екен-ау, -деп ойладым. - Тұмажанды жек көремін дейді. Жақсы көретін кісіге және бұрылмайды. Кіммен қарайсам – сонымен ағарамын дейді. Ағарасың ба? Ағарсаң жақсы-ау» деп, мен басымды қайта-қайта шайқадым. «Көзге жақын, көңілге алыс қыз шіркінді түсіну қиын екен-ау» деп қиналдым. Қозғалмасын деп біреу өзімді орындыққа қыл арқанмен таңып тастағандай боп көрінеді. Меңтай есік алдына барып, кейін бұрылып, маған иіліп бас изеді де ішке кіріп кетті. Ай батып, айналам түнек тартып, қараңғыға қамалғандай боп, мен қалдым.
Ойлап-ойлап, ақыры мен университеттен кетуге бел байладым. Өзімді де, Меңтайды да қинамайын дедім. Ертеңінде университеттің сырттай оқу бөліміне ауысып, емтихан, сынақтың бәрін келесі жазда келіп тапсыруға рұқсат алдым. Содан соң газет қызметіне орналасармын деп көрші облысқа жүріп кеттім.
Облыстық «Алатау жұлдызы» газетінің редакциясы мені жұмысқа бірден қабылдады. Газеттің аудандарға жүріп тұратын ісі болып, бара сала қызметке кірістім.

Махаббат қызық мол жылдар Место, где живут истории. Откройте их для себя